Бүгін, 22 қыркүйек күні Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжінде, кітапхана меңгерушісі А.Ибраеваның ұйымдастыруымен «Тілдер апталығы» аясында «Қазақстан халқы тілдері күні» мерекесіне арналған «Ана тілі – құламайтын бәйтерек!» атты кітап көрмесі өтті. Көрменің алға қойған мақсаты - студенттерді туған тілімізді құрметтей білуге баулу, тіл туралы білімдерін жетілдіру, сөйлеу тілін дамыту арқылы сөздік қорларын молайту, ой – өрісін кеңейту, жас ұрпақтың патриоттық сезімін оята отырып елін, жерін сүюге құрметтеуге тәрбиелеу болды.
Аталған көрмеге үш тілді қамтыған кітаптар қойылды. Ахмет Байтұрсыновтың бес томдық шығармалар жинағы, “Тіл тағылымы”, Осман Асылының “Тіл тәуелсіздігі – ел болашағы”, “Мемлекеттік тіл ұлттық бірегейліктің негізі” және Тіл білімі антологиясы сериясымен шыққан Ғ. Мұсабаевтың “Қазақ тіл білімінің мәселелері” атты еңбектерімен, мерзімді басылымдармен және т.б. тіл тақырыбында қалам тербеген жазушылардың еңбектерімен, нақыл сөздерімен толықты.
Тілдің мемлекеттік мәртебесін қалыптастыруға, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған көрмеге, колледж студенттері белсене қатысты. Кітапханашы оқырманды кітап көрмесімен таныстырып, бірқатар кітаптарға библиографиялық шолу жасады. Ұлт ұстазы, тіл біліміне үлкен үлес қосқан, Латын әліпбиінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай, ақынның шығармашылығы мен еңбектеріне баса назар аударып, студенттерге кеңінен мағлұмат беріп өтті.
Сонымен қатар, 2022 жылғы мерейтойлар мен атаулы күндерге арналған әдеби панорама жасалды. «Сөздерін ұрпағына мұра қылған» атты сөре жасақталып, буклеттер қойылды. Ұсынылған кітаптардың қатары «Қаз дауысты Қазыбек би», «Қазақтың соңғы ханы Кенесары», Дулат Бабатайұлының «Өсиетнама», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан», Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз», Шерхан Мұртазаның "Қызыл жебе", Дулат Исабековтың "Қарғын" туындыларымен толықты. Кітапханашы әр туындыға жеке тоқтала келе оқырмандармен ой бөлісіп, үнемі кітап оқуға шақырды.
https://zhqtk.edugov.kz/kz/zhanaly-tar/283-ana-tili-lamajtyn-b-jterek-atty-kitap-k-rmesi.html#sigFreeIddbbf1b4e0d




